Павлодарлық соғыс ардагері 99 жасқа келді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Василий Григораш Алтай өлкесінде дүниеге келген. Қарт майдангер екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Павлодар қаласында тұратын соғыс ардагері Василий Григораш 99 жасқа толды. Ардагер Забайкалье әскери округінің атқыштар полкінің құрамында қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейін сұрапыл соғыс соқпағымен жүріп өтті. Ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
1951 жылы ол Павлодарға көшіп келіп, локомотив депосына жұмысқа тұрды. 1988 жылы зейнетке шыққанда еңбек кітапшасында бір ғана жазу — депода еңбек еткені туралы баяндалған.
— Жастарымыз ауырмасын, көңілдері қартаймасын. Отаны мен туған отбасын аяласын. Барлық отандасыма ұзақ ғұмыр тілеймін, — дейді Василий Григораш.
Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 6 ардагері тұрып жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында тұратын соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден беріледі.