Павлодарда түрменің бухгалтері сотталды
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы түзеу колониясы бірінің есеп айырысу бухгалтері сотталды.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Павлодар қаласы №2 сотының 2011 жылғы 17 мамырдағы үкімімен қаладағы түзеу колониясы бірінің есеп айырысу бухгалтері қызметтік құжаттарды қолдан жасағаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскерге қатысты аса ірі мөлшерде мемлекеттік ақшалай қаражатты ұрлағаны үшін, нақты айтқанда, өзіне, есептелген ақшаның жұмысын орындамаған қызметкерлерге, бөтен адамдарға жалақыны заңсыз есептегені, олардың карточкаларына аударып, кейіннен иемденгені үшін жауапкершілікке тартылды. Ұрланған ақша сомасы шамамен 5 млн. теңгені құрады» делінген баспасөз айғағында.
Сотталушының сот отырысында ақшалай қаражатты иемденбегені, өз басшылығының нұсқауын орындағаны, сондықтан да заңсыз есептеліп алынған ақшалай қаражатты оларға бергені жайлы уәждері сот отырысында жоққа шығарылмаған. Дегенмен, оның уәждерін тексеру үшін қылмыстық істер материалдары ұрлау бөлігінде бөлініп, сотталғаннан басқа да лауазымды тұлғалардың қатыстығы туралы мәселені шешу үшін іс қаржы полициясына жолданған.