Павлодарда түрменің бұрынғы қызметкеріне пара алғаны үшін 11,5 млн теңге айыппұл салынды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — № 45 түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкері бірнеше рет пара алғаны үшін сотталды. Сот оған 11,55 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
Сот материалдарына сүйенсек, сотталған азамат Павлодардағы № 45 түзеу мекемесі бастығының кезекші көмекшісі қызметін атқарған. 2025 жылдың тамызы мен қарашасы аралығында ол мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтан бірнеше рет ақша алған.
Тергеу барысында анықталғандай, қызметкер бастапқыда сотталған адамнан арнайы киімге байланысты оны жауапкершілікке тартпау үшін ақша талап еткен. Кейін «қорған боламын» деген сылтаумен ақша алған. Бұдан бөлек, сотталған адамға телефонды колония аумағына кіргізіп бергені үшін де сыйақы алған.
Жалпы алғанда, бұрынғы қызметкер сотталған азаматтан 330 мың теңге алғаны мәлім болған.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған пара сомасының 35 еселенген мөлшерінде, яғни 11 млн 550 мың теңге айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленеді.
Бұрынғы колония қызметкері кінәсін сотқа дейінгі тергеу барысында толық мойындаған.
Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін айыппұлды бір ай ішінде төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
Еске сала кетейік, Павлодарда пәтерлерді арзанға алып беремін деп жұртты алдаған қыз үш жылға бас бостандығынан айырылды.