Павлодарда учаскелік полицей ауыл тұрғынын алаяқтардың қақпанынан құтқарып қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаскүнемдер ауыл тұрғынының атына 30 млн теңге несие ресімдеген. Тәртіп сақшысы қаражаттың өзге шоттарға аударылуының алдын алды.
Тереңкөл ауданы Алтай ауылының тұрғыны Наталья Двинянина айдың-күннің аманында алаяқтардың құрбаны бола жаздаған. Ұялы телефонына 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-кодты әлдекімдерге айтып жіберіп, соңынан сан соғып қалған.
- Белгісіз біреулер өздерін пошта қызметкерлері деп телефон шалған еді. Менің барлық деректерімді, тұрғылықты мекен-жайымды атады және курьермен хат жіберетіндерін айтты. Әлгілерге сеніп, түскен кодты айттым. Кейін пошташыға қоңырау шалғанымда олар ешқандай пошталық жөнелтілімнің жоқ екенін жеткізді. Әбден сасып, біздің учаскелік полицей Рустам Иманбаевқа хабарластым. Рустам Нәжімиденұлы бірден қолұшын созды. Менің атыма 30 млн теңге несие ресімделіп үлгерген екен. Ол жедел түрде қаржы ұйымдарына хабарласып, барлық соманы жоюға көмектесті, - дейді Наталья Двиняна.
Тұрғын бұл оқиға туралы облыстық полиция департаментіне бейнеүндеу жолдап, өз ісінің маманы Рустам Иманбаевтың атына шексіз ризашылығын жеткізген.
Осылайша учаскелік полицейдің ширақтығының арқасында қарапайым ауыл тұрғыны алаяқтардың арбауынан құтылды.
Еске сала кетейік, «ХАС» қаржы пирамидасының негізін қалаушылар алаяқтық үшін сотталды.