Павлодарда үш баласына 7 млн теңгеге жуық алимент төлемеген әйел жауапқа тартылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында үш баласын тиесілі алиментті бірнеше жыл бойы төлемеген әйел анықталды. Оның берешегі 6 миллион 936 мың теңгеге жеткен. 

алимент
Фото: Ақмола облысының прокуратурасы

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, алимент төлеуден жалтарған әйелге іздеу жарияланып, полицейлер оның жүрген жерін анықтаған.

— Бірнеше жыл бойы алимент төлемеген борышкерге қатысты әкімшілік материал толтырылып, соттың қарауына жолданды. Сот шешімімен әйелге 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалған. Сонымен қатар оған сот шешімін орындау үшін үш ай мерзім берілді, — деп хабарларды полиция департаментінен.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, егер осы уақыт ішінде әйел алимент төлеуден қайта жалтарса, оған қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралады.

Құқық қорғау органдары қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды алимент төлеуден жалтармай, мәселені заң аясында шешуге шақырады. Ол үшін сотқа немесе сот орындаушыларына жүгіну қажет.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында 8,6 млн теңге алимент қарызы мүлікпен өтелді.