Павлодарда үш бірдей астық кептіргіште өрт шықты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Фермерлік шаруашылықтарда астық кептіргіштің өртенуі жиілеп кетті. Негізгі себеп — электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, жабдықтың қызып кетуі.

Павлодарда үш бірдей астық кептіргіште өрт шықты
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Павлодар өңірінде соңғы апталарда астық кептіргіштердің өртену оқиғалары жиілеп кетті. Өрт сөндіру бөлімдері үш шақыртуға шығып, астық қамбаларын аман алып қалды.

— Успен ауданы Ковалевка ауылында астық кептіргіштің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына дереу шыққан өрт сөндірушілер шаруашылық аумағындағы астық кептіру шахтасында күнбағыс дәні қабығының түтіндегенін анықтады. Қызметкерлеріміз өртті жедел жойды. 17-ӨСБ күштері мен құралдары тартылды. Оқиғаның себебі анықталып жатыр, — деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Тағы екі дерек Ақтоғай ауданында тіркелген.

Павлодарда үш бірдей астық кептіргіште өрт шықты
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Төтенше жағдай өкілдерінің сөзінше, астық кептіру кезінде жоғары температурадан және дәндердің үйкелісінен шаң пайда болады. Бұл кейде өрт көзіне айналуы мүмкін. Күнбағыс дәнінде майдың деңгейі жоғары болғандықтан, тұқымдарды дұрыс сақтамау бұл өнімдердің өздігінен тұтануына әкелуі ықтимал.

Павлодарда үш бірдей астық кептіргіште өрт шықты
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Астық кептіру жабдығын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету және өрттің алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажет. Сондықтан астық кептірушілер жабдықтардың, электрониканың және қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйін үнемі тексеріп отырғаны абзал.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында рекордтық астық жиналды.

Соңғы жаңалықтар