Павлодарда ұстазы мен сыныптасын пышақтаған оқушы психолог көмегіне мұқтаж болған

пышақтады
Фото: Freepik

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков хабарлағандай, келеңсіз оқиға білім беру саласындағы жауапты қызметтердің кемшілігінен болған. Баланың психолог көмегін қажетсініп жүргенін мұғалімдері байқамаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодарда мектеп оқушысы сыныптасы мен мұғаліміне пышақ салды.

Абырой болғанда, әйел адам мен ер баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта олар амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Аталған оқиғаға Павлодар қаласының басшысы Хасар Хабылбеков жедел назар аударып, жергілікті білім беру нысандарының қауіпсіздігіне арналған жиын өткізді

«№14 мектепте болған оқиға жауапты қызметтердің кемшілігінен орын алды. Сыныптасы мен мұғалімін жарақаттаған бала психолог пен мұғалімдердің көмегіне мұқтаж болған. Мектеп басшылығы мұны байқамаған. Жасөспірім сабаққа пышақты қалай алып кіргенін де ешкім байқамаған. Ал білім беру мекемесі бұрын лаңкестік тұрғыдан осал нысан ретінде тексерілген, оның күзетіне қатысты маңызды ескертулер жасалған, бірақ ешкім кемшілікті жоймаған. Өкінішке қарай, мұндай жағдай қала бойынша осы мектепте ғана қалыптасқан жоқ. Бейнебақылау камераларының жұмысына қатысты мәселелер бар. Бізге ұнамайтыны, мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зейнет жасы алдындағы және зейнет жасындағы қарт күзетшілерді тарту үрдісі қалыптасқан. Мектеп директорлары мен білім саласындағы шенеуніктердің оқушылармен болған келеңсіздіктерді жасыру әрекеттері де бар», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ, ол балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың бірлескен, нақты үйлестірілген жұмысы жоқ екенін сынға алды. Бұдан былай білім беру бөліміндегі қорғаншылық және қамқоршылық қызметінің штатын кеңейту шаралары қабылданады, прокурорлар қолайсыз отбасылар мен агрессия танытатын балаларды бақылауға алады деп атап өтті. Қала мектептерімен полицияның жедел уәкілдері жұмыс істейтін болады.

Қала әкімі жергілікті білім беру бөлімінің басшысын және №14 мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тартуды қарастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар