Павлодарда валюталық заңнаманы бұзған компанияға 1,5 млрд теңге айыппұл салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, компания шетелдік өнім жеткізушіге 16 миллион доллардан астам қаражат аударған. Алайда оған сатып алынған тауар елге кірмеген. Ал ақша кері қайтарылмаған.

Павлодарда валюталық заңнаманы бұзған компанияға 1,5 млрд теңге айыппұл салынды
Фото: Pexels

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тарифтік реттеу басқармасының қызметкерлері сыртқы экономикалық келісімшарт шеңберінде ақшалай қаражатты репатриациялау жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына байланысты ірі құқық бұзушылықты анықтады.

— Отандық компания Қытай Халық Республикасының жеткізушісімен келісімшарт жасасқан. Шарт талаптарын орындау аясында бейрезиденттің мекенжайына 16 337 281 АҚШ доллары (баламасы — 7 681 299 403 теңге) аударылған. Алайда тауар Қазақстан Республикасының аумағына жеткізілмеген, ал валюталық қаражат заңда белгіленген мерзімде қайтарылмаған.
Тексеру барысында қаржылық операцияларды ұйым басшылығы тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан мекеменің есепшісі жүргізгені анықталды, — деп мәлімдеді департаменттен.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, валюталық нормалардың сақталуы бойынша жауапкершілік, қызметкерлердің қайсысы нақты операцияларды жасағанына қарамастан тікелей заңды тұлғаға жүктеледі.

— Іс материалдарын қарау нәтижесі бойынша компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 1,5 млрд теңгеден асты. Бұл Павлодар облысындағы валюталық заңнаманы бұзғаны үшін қолданылған ең ірі санкциялардың бірі болды, — деп қосты департамент өкілдері.

Мамандар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға сыртқы сауда келісімшарттарының орындалуын тиісінше бақылау қажеттігін ескертіп отыр. Бизнес үшін тауарлардың уақтылы жеткізілуін немесе орындалмаған міндеттемелер бойынша ақшалай қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету маңызды. Заңнама талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілік пен қаржылық шығындарға әкеп соғады.

Бұған дейін Түркістанда валюталық заңнаманы бұзған кәсіпорын 175,9 млн теңге айыппұл төлейтінін хабарлағанбыз