Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ел чемпионатының 4-туры өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 4-ші тур ойындары басталды.
Осында «Астана» мен «Алматы», «Ертіс-Қазхром» (Павлодар) мен «Қарағанды» өзара күш сынасуда. Бұған дейінгі турларда өз қарсыластарын астаналықтар 3:1, 3:0, 3:2 есебімен ұтса, павлодарлықтар бір рет 0:3 есебімен ұтылып, қалған 2 ойныда дәл осындай есеппен басым түскен еді.
25-29 қараша мен 22-26 желтоқсан күндері Алматыда және 25-29 қаңтарда Щучинск қаласында өткен сайыста Талдықорғанның «Жетісу» командасы жеңімпаз атанған болатын. Қазір турнир кестесінде 12 ойында бірде-бір рет жеңіліс таппаған «жетісулықтар» 33 ұпаймен көш бастап келе жатыр. «Астана» командасы 22 ұпаймен екінші, ал «Ертіс-Қазхром» 15 ұпаймен үшінші орында тұр. Ал «Қарағанды» (11 ұпай) мен «Алматы» волейболшылары турнир кестесінің соңында келе жатыр. 4-тур ойындары 27 ақпан күні мәреге жетеді.