Павлодарда Ворушин саябағын көріктендіруге 315 млн теңге қаржы бөлінді - Б. Бақауов

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Ворушин саябағын көріктендіруге Еуразиялық Топ (ERG) компаниясының демеушілігінің арқасында 315,295 млн теңге қаржы бөлінді.

Павлодарда Ворушин саябағын көріктендіруге 315 млн теңге қаржы бөлінді - Б. Бақауов

Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Болат Бақауов жалпы облыстық сенбілік барысында мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. «Биылғы жылы Ворушин саябағында жөндеу жұмыстарын аяқтауды көздеп отырмыз. Демалыс орнының жанында "Қазақстан Аллюминийі" және "Қазақстан электролиз зауыты" кәсіпорындарының жұмыскерлері үшін 210 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарда бар. Бұл мақсатта қаражат қарастырылып қойған. Алайда алдымен тұрғындардың арасында қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың пікірі ескерілетін болады», - деді Б. Бақауов. Мұнда 12,5 гектар аумақта архитектуралық шағын нысандар орналастырылып, декоративтік брусчатка төселген және велосипедпен жүруге арналған жолдар, воркаут, баскетбол, футбол алаңдары салынады. Сонымен қатар, 55 көлік қоятын тұрақ ашылып, су және электр жүйелері тартылады. Еске сала кетейік, Ворушин саябағын абаттандыру бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны жүзеге асыру үшін демеушілер іздестіріле бастаған. Тұрғындарға демалыс орнын құру тұжырымдамасы аясында 35 аумақты көріктендіру жоспарланған. Бұған қоса, өткен жылы Гагарин саябағы мен Бектұров көшесі бойындағы Лермонтовтан Қайырбаев көшесіне дейінгі сквер қалыпқа келтірілді. Гагарин саябағын жөндеу жұмыстары мемлекеттік жеке меншік серіктестік есебінен жүргізілді.