Павлодарда заңсыз еңбек еткен шетел азаматтары жазаға тартылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының Ақсу қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген бес шетел азаматы анықталды.

Павлодарда заңсыз еңбек еткен шетел азаматтары жазаға тартылды
Фото: Московский комсомолец

Облыстық полиция департаменті жүргізген тексеру барысында бес шетел азаматының заңнама талаптарын бұза отырып, құрылыс жұмыстарын жүргізгені мәлім болды. Аталған дерекі бойынша шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданған. 

— Сот шешімімен құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 15-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заң талаптарын бұза отырып жұмысқа тартқан жұмыс берушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтарға жол берген 104 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко.

Полиция шетел азаматтарын жұмысқа тартатын жұмыс берушілерді көші-қон және еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заң талаптарын бұзу жұмыс берушілерге де, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарына да жауапкершілік жүктейді.

Еске сала кетейік, ЕО-ның бес елі заңсыз мигранттарды үшінші елдерге жіберудің жаңа жүйесін әзірлеп жатыр.