Павлодарда заңсыз тартып алынған жайылым халыққа қайтарып берілді

жер
Фото: Pixabay

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ортақ игілікте пайдаланылып, кейін жеке тұлғаның иелігіне заңсыз өтіп кеткен жайылымның жалпы аумағы — 1,8 мың гектар. Жердің кадастрлық құны шамамен 2,4 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Павлодар ауданының прокуратурасы жер қатынастары бөлімін тексеру барысында жеке тұлғаға халықтың мұқтаждығына арналған жер учаскесін заңсыз беру фактісін анықтады.

«Қадағалау актісі бойынша жер сот тәртібімен қайтарылды. Мал жаюға арналған учаскенің жалпы ауданы — 1,8 мың га, Шақат ауылдық округінде орналасқан. Бұл жерлердің кадастрлық құны — шамамен 2,4 млрд теңге» деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Осылайша прокурорлар 1 500 тұрғынның жерге қатысты құқығын қалпына келтірді.

Жұртшылық енді бұл аумақта төрт түлігін емін-еркін жая алады.

Соңғы жаңалықтар