Павлодарда заңсыз майнингпен айналысқандар ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының майнинг фермаларын анықтауға қатысты тапсырмасын орындау аясында Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті тиісті лицензиясыз электр энергиясын сатумен айналысу фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік Павлодар облысында Екібастұз ГРЭС-1 аумағында орналасқан майнингтік дата-орталықтардың үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында пайдаланылатын электр энергиясын заңсыз тұтыну мен сатуды ұйымдастырғанын анықтады.
«Бұл ретте электр энергиясы жеке ЖШС-дан екі кәсіпорынның атына түсіп отырған. Сонымен қатар, ЖШС-ның электр энергиясын беруге лицензиясы болмаған. Өйткені, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы« Заңға сәйкес энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілердің Табиғи монополияларды реттеу комитетінен лицензиясы ие болуы тиіс», - делінген хабарламада.
Алдын ала жасалған акт-қорытындыға сәйкес белгіленген табыс сомасы 805 миллион теңгені құрады. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.