Павлодарда жаңа жылдан бастап жылу арзандауы мүмкін
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығында жылу тарифі арзандауы мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті нақты шешімін алдағы уақытта жария ететін болады.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов бірнеше монополист келер жылға тарифтерін өсіру бойынша өтінім жасағанын хабарлады.
— «Павлодарэнерго» ЖШС, «Павлодар жылу желілері» ЖШС және «Павлодарэнергосбыт» ЖШС тарифтерін көтеру туралы өтінім түсірді. Энергиялық компаниялар мұны көмір бағасының қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Монополистер 2025 жылға көмір бағасын тоннасына 2900 теңге деп белгілеп қойған, ал оның болжамды бағасы 3400 теңге болады деп күтілуде. Энергия көздері мысал үшін бір млн тонна көмір сатып алса, оған қарастырылған шығындары қосымша 500 млн теңгеге өседі деген сөз. Бірақ Павлодар қаласында қазіргі қолданыстағы жылу тарифінің қымбат екені анықталды. Ол шамамен 6,7%-ға негізсіз өсірілген деп ойлаймыз, — дейді Н.Нұрмұратов.
Мамандар қолданыстағы тарифтер мен жаңа тарифтік ұсынымдарды қарастыра келіп, жаңа жылдан бастап оны өсірмеу туралы шешім қабылдаған. Қолданыстағы тариф алдағы уақытта сәл арзандауы да мүмкін. Ол бойынша түпкілікті шешімді монополияға қарсы орган хабарлайды.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауға алуды тапсырған болатын.