Павлодарда жаңа жылдық кеш өтіп жатқан мейрамханаға жарылғыш қойылды деп қоңырау шалған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полиция жарылғыш зат қойылды деп жалған хабарлама түсірген тұрғынның жеке басын анықтады. Терроризм актісі туралы жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция Казахстана переведена на усиление
Фото: polisia.kz

Әлеуметтік желіде Павлодардағы «Інжу» мейрамханасының жанында полиция мен 102, 103 қызметтерінің көліктері үйіліп тұрғанын көрсететін видео тарап кетті. 

Белгілі болғандай, мейрамханада жаңа жылдық кеш өтіп жатқан сәтте әлдебіреу хабарласып, жарылғыш зат қойылғанын мәлімдеген. Полиция мен өзге де жедел қызметтер оқиға орнына кідірместен жетіп, мейрамханадан жалпы саны 50 адамды эвакуациялаған.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаның жалған болғанын мәлімдеді. Арнайы қызметтер ешбір күдікті затты таппаған.

- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қоңырау шалушының жеке басы анықталып, іс жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, - деп хабарлады департаменттен.

Жалған жарылғыш заттың дүрбелеңі басылған соң мейрамханадағы жаңажылдық кеш қайта жалғасқан.

Еске сала кетейік, Жетісайлық оқушы мектепте жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған.