Павлодарда жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды сақтау деректері жиі тіркелген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында жыл басынан бері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Павлодарда жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды сақтау деректері жиі тіркелген
Фото: Pexels

Тексеру барысында жарамдылық мерзімі өткен препараттар мен медициналық бұйымдарды сақтау, Қазақстанда тіркелмеген дәрілердің болуы және рецеппен ғана босатылуы тиіс препараттарды рецептсіз сату фактілері анықталған.

Бұл туралы Kazinform тілшісіне Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінен хабарлады.

Департамент мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтардың арасында Қазақстан Республикасында тіркелмеген және жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды сақтау фактілері жиі кездеседі.

— Атап айтқанда, дәрілік заттарды сақтау орындарында жарамдылық мерзімі өткен дәрілер мен медициналық бұйымдар анықталды. Кейбір жағдайда мұндай өнімдер рұқсатсыз қол жеткізуден оқшауланбаған. Дәрілік заттарды сақтау қағидаларын бұзу бойынша 1 әкімшілік хаттама толтырылды. Тексерулер кезінде дәріханалар мен медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды белгіленген талаптарға сай сақтау үшін қажетті температура мен ылғалдылықты бақылауға арналған жабдықтардың жоқтығы анықталды. Ал жалпы заң бұзушылықтар бойынша 8 хаттама ресімделді, — дейді департамент басшысы Ботагөз Сыздықова.

Анықталған құқық бұзушылықтар көбіне «Пластикалық хирургия» бейіні бойынша медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға қатысты болған.

Заң бұзғандарға қандай айыппұл қарастырылған?

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Айыппұл мөлшері құқық бұзушылық жасаған субъектінің мәртебесіне байланысты белгіленеді.

Атап айтқанда:

  • жеке тұлғаларға — 70 АЕК;
  • лауазымды адамдарға — 100 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 130 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1000 АЕК.

Ал Қазақстанда тіркелмеген немесе қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткізу, қолдану немесе жарнамалау адам денсаулығына зиян келтірмеген жағдайда да жеке жауапкершілік көзделеді.

Бұл ретте айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғаларға — 100 АЕК;
  • лауазымды адамдарға — 150 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 300 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1500 АЕК.

Департаменттің түсіндіруінше, нақты әкімшілік айыппұлдың мөлшері құқық бұзушылық жасаған субъектінің мәртебесі ескеріле отырып айқындалады.

Еске сала кетейік, елімізде дәрі-дәрмек өндірісі артып, жаңа 494 препарат шығарылмақ.