Павлодарда жас ана мемлекеттік бағдарлама арқылы балалар киімдерін шығаруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2 млн. 600 мың теңге грант алған 24 жастағы Валерия Наркизова «Жасмин» тоқыма студиясын ашып, өз кәсібін дамытуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

Жас кәсіпкердің айтуынша, сәбилерге арналған киім дайындауға ұсыныс көп түседі. Аналар көп жағдайда жекелеген, атаулы бұйымдарға тапсырыс беріп, сәбиі үшін жасалатын бұйымның дизайнын жасауға өздері атсалысады.

Алғашқы тапсырыс перзентханадан шыққан күні бір палатада жатқан келіншектен түскен. Бүгінде бес және және бір жасар екі баланы тәрбиелеп отырған ана үш адамды жұмыспен қамтыған.

«Мен өзімнің сүйікті ісімді қолға алдым. Бала күнімнен тігін тігумен айналысамын, алайда осы іспен табыс табамын деп ойламаппын. Екінші баламды көтергенімде үйге қандай киіммен шығамыз деген ой туды. Барлық дүкенді аралап, көңілімнен шығатын затты таппадым. Бос уақытым да жетерлік еді. Сондықтан мата сатып алып, ешкімде қайталанбайтын туынды жасауға бел будым», - дейді Валерия Наркизова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген жас ана бизнесті қолдау шаралары жайлы ақпарат алып, мемлекеттік бағдарламаға қатысуды жөн көрген.

«Шеберлер құралған тобымыз сәбилерге арналған керемет дүниелер жасап жатыр. Сапа ең бірінші орында. Сондықтан гипоаллергенді мата мен қазіргі замандағы озық технологияны қолданамыз. Әрбір клиенттің талғамына қарай тапсырысты жекелей қараймыз. Әр бұйымның дизайны мұқият дайындалады», - дейді кәсіпкер.

Айта кетерлігі, Павлов көшесі, 11/1 мекенжайы бойынша «Сарыарқа» сауда үйінде орналасқан «Жасмин» балалар тоқымасының студиясы барлық тексеруден өтіп, сапа сәйкестігі сертификатын алған. Сонымен қатар, онлайн режимінде әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс алу арқылы сауда жасайды.

Соңғы жаңалықтар