Павлодарда жауқазындарды ешкім сүйіктісіне «үзіп» алмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында орнатылған жарқыраған жауқазындардың барлығы өз орнында тұр. 

Павлодарда жауқазындарды ешкім сүйіктісіне «үзіп» алмаған

Бұл туралы агенттікке қала әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Салтанат Әкімбекова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 «Кеше гүлдерді жағажайда орнатқан болатын. Әлеуметтік желілердегі сурет жауқазындарды орнатып жатқан кезде түсірілген болуы керек. Оларды ешкім бұзып кеткен емес», - дейді Салтанат Әкімбекова. Айта кетейік, Инстаграм әлеуметтік желісіндегі tipаvlo парақшасында нысандардың құлап жатқаны түсірілген сурет тарады. Аталмыш жағдайға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір білдірген. Олардың бірі "Сүйіктісіне гүл үзіп алған" немесе "Суыққа төтеп бере алмаған болу керек" деп әзілдесе, енді бірі сұлулықты сақтай алмайтын бұзақыларды сынның астына алған.

 Еске сала кетейік, мереке қарсаңында жарқыраған 30 жауқазын тұрғызылған болатын. Оның алғашқысы Ленин және Қайырбаев көшелерінің қиылысында орын алды.  Сонымен қатар,  көшелер шағын нысандармен және түрлі инсталяциямен әшекейленді. Достық үйінің жанында және Кутузов - Торайғыров көшелерінің қиылысында үлкен НАУРЫЗ әріптері пайда болды. Қаланы мерекелік безендіруге 11 млн. теңге жұмсалды.