Павлодарда жаз басталғалы 10 адам суға кеткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тілсіз жаудың құрбаны болғандардың екеуі – бала. Жазатайым оқиғаға көбіне адамдардың арнайы жабдықталмаған орындарда шомылуы себеп болған.

Павлодар облысы ТЖД
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Биыл Ертістің Павлодар өңіріндегі су айдындарында 47 жағажай ресми түрде жұмыс істеп тұр. Олардың 27-сі - коммуналдық меншіктегі жағажайлар.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, жазатайым оқиғалар саны азаймай тұр. Жыл басынан бері 10 адам суға кеткен. Олардың екеуі - бала. Маусым айында Баянауылдағы Торайғыр көлінде ағайынды екі бала суға батып кеткені туралы жазған болатынбыз.

«Адамдардың суға кету оқиғаларына көбіне арнайы жабдықталмаған орындарда шомылуы себеп болады. Мәселен, 20 шілде күні Павлодар қаласында 1973 жылғы ер адам Ертіс өзенінің шомылуға тыйым салынған жерінде суға түсіп, қайғылы жағдайға тап болды. Куәгерлердің айтуынша, ол мас болған. Марқұмның мүрдесі 24 шілде күні өзеннің төменгі ағысынан, 20 шақырым жерден табылды», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінен.

Еске сала кетейік, елімізде суға түсіп, көз жұмып жатқан бала саны күрт көбейді. 

Соңғы жаңалықтар