Павлодарда жаз басталғалы 5 адам суға батып кеткен

батып кетті
Фото: Pexels

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құрбан болғандардың екеуі – бала. Мамандар Ертіс өзені суының деңгейі жылдағыдан жоғары, соған орай жағажайлардың түбін толықтай сүзіп шығу мүмкін емес екенін айтып отыр.

Облыстың су айдындарында шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға батып, көз жұмған. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов хабарлады.

«Азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 5 мыңнан астам рейд жүргіздік. Байқайтынымыз, көп адамдар қоғамдық жағажайларда алкогольді ішімдік ішіп, мас күйінде суға түседі. Соңғы қайтыс болған адамның ішімдік тұтынып, суға шомылғаны анықталды. Тағы бір жағымсыз фактор - салқын су аяқ сіңірлерінің тартылып қалуына себепші болады», дейді департамент өкілі.

Биыл жазда Ертіс өзеніне Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларынан қайта-қайта су жіберіліп жатқанына байланысты өзеннің деңгейі аса жоғары. Салдарынан өңірде әлі күнге 15 жағажайдың түбі толық тексерілмеген. Мамандар жалпы саны 32 жағажайды тексеріп, 70-тен астам құтқарушыны дайындаған.

Бұған дейін Баянауылдағы Торайғыр көлінде ағайынды екі баланың суға батып кеткені туралы хабарлағанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram