Павлодарда жыл басынан 97 заңсыз қоқыс орны анықталған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Қазақстан Ғарыш Сапары» деректеріне сәйкес, жыл басынан бері облыс аумағында 97 заңсыз қоқыс орны анықталған. Жергілікті атқарушы органдар олардың барлығы жойылғаны туралы есеп берген.
Бұл туралы өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстарында ғарыштық мониторинг қолданылады. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында табиғатты қорғау талаптарын бұзған 13 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- Оларға жалпы сомасы 4,8 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, айыппұлдар толық көлемде өндірілген, – дейді Әсет Сыздықов.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 321 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы үш полигон ғана белгіленген экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келеді. Қалған нысандарды талапқа сәйкестендіріп, қажетті рұқсат құжаттарын алу қажет.
Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бұдан бөлек, табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарына сәйкес, Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында да қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда 2637 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 83%-ы жойылды.