Павлодарда жыл басынан бері 37 келіден астам есірткі тәркіленді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Полицейлер есірткі қылмысына қатысты 50 фактінің жолын кескен. Заңсыз сауданы насихаттаған 47 сайтты бұғаттаған.
Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымына қатысты 50 құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның 21-і тыйым салынған заттарды өткізумен байланысты екенін айта кеткен жөн.
Есірткі жеткізу арналары мен мамандандырылған интернет – дүкендерді жабу жөніндегі жоспарлы жұмыстың нәтижесінде заңсыз айналымнан 37 килограмнан астам есірткі тәркіленген.
«Есірткі бизнесіндегілер көбіне кәмелетке толмағандарды тартып, мол ақшаны жылдам әрі оңай табуға уәде береді. Тыйым салынған затты жасырумен айналысатын жастар арасында қыздар да кездесіп жатады. Өткен жылы синтетикалық есірткі сатқаны үшін 16 жастағы павлодарлық ұсталды. Ол 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Нәтижелі жұмыстың бір мысалы – заңсыз тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін интернет-платформаның болжамды ұйымдастырушысы ұсталды. Ер адам қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген. Оның мүшелері заңсыз маркетплейс құрған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.