Павлодарда жыл басынан бері жолда қараусыз жүрген 90 мал иесі жауапқа тартылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тәртіп сақшылары соңғы екі айда қараусыз жүрген 2,3 мың түлікті айыппұл тұрақтарына қамаған. Бағусыз мал жол-көлік апаттарына жиі себеп болады.
Шарбақты, Успен, Баянауыл, Ертіс ауданы бағыттарындағы автожолдарда жылқының қараусыз жүрген фактілері жиі кездеседі.
Павлодар облысы полиция департаментінен хабарлағандай, жол патрульдері мен учаскелік полицейлердің басты міндеті - жолдардағы қауіпсіздікті тұрақты бақылауда ұстау. Дей тұрғанмен тұрғындардың селқостығынан жыл басынан жалпы саны 2,3 мың бас мал бағусыз күйде жолдарға шығып кеткені анықталды. Олардың барлығы арнайы тұрақтарға қамалып, иелеріне айыппұл салынды.
- Жыл басынан мұндай 90 мал иесі жауапқа тартылды. Кейбір көлік апаттарына үй жануарлары себеп болып, салдарынан адамдар көз жұмған оқиғалар да тіркеледі, - деп мәлімдеді департаменттен.
Полицейлер мал ұстайтын тұрғындармен әңгімелесулерді тұрақты жүргізіп келеді. Алайда оның нәтиже беріп тұрғаны шамалы.