Павлодарда жылқымен соқтығысқан көліктің жүргізушісі көз жұмды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардан Ресейге апаратын үлкен жолда жол-көлік оқиғасы болды. Жылқымен соқтығысқан жеңіл көліктің жүргізушісі апат орнында тіл тартпай кеткен.

Павлодар облысынан Ресейдің Новосібір облысына апаратын тас жолда Volkswagen маркалы жеңіл көлік жол үстінде тұрған жылқыларға соқтығысқан. Оқиға түнде болған.
- Түнгі уақытта сапарға шыққан Volkswagen көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Ол жолда тұрған екі жылқыға соғылып, жол жиегіндегі арыққа ұшып, аударылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Ал жылқылардың иесі анықталды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Жол апаты Новосібір облысы шекарасына дейінгі 10 шақырым жерде болған.
Еске сала кетейік, Павлодарда жантүршігерік көлік апатынан 16 жасар қыз қайтыс болды.