Павлодарда жылу беруді қадағалайтын 10 мобильді топ құрылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жылу беру маусымы басталғалы 30-дан астам шағым түскен. Қалада қазіргі күні мобильді топ құрылып, жылу беру мәселелерін жедел шешумен айналысып жатыр.

Мамандар 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарламаларды қабылдап, әлеуметтік желілердегі шағымдарды қадағалап отырады.
Арқада қыс күшейе түсіп, аязды күндер жақындап келе жатыр. Жылу маусымы басталғалы облыс орталығында 30-дан астам шағым түскен. Мәселенің көбі пәтер ішіндегі жылуға қатысты болып отыр.
— Бүгінде барлық әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке т үйлер жылумен қамтамасыз етілген. Биыл 30 шақырымға жуық жылу желілері жөнделіп, ұзындығы 2,6 шақырым болатын № 13 жаңа жылу магистралі салынды, бұл 250 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуды жақсартады, — дейді Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Темір Қасқабаев.
Шаһарда қазір жылу бойынша 10 мобильді топ құрылған. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Павлодар жылу желілері» ЖШС, жылу инспекциясы мен қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері енді. Жылуға қатысты жеке тұрғындардан шағым түссе, топ бірден сол жерге барып, мәселені зерделейді. Егер дерек расталса, жылу инженерлері немесе қызмет көрсететін ұйым түзетулер енгізеді.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары қатты аязда жылусыз қалған еді.