Павлодарда жылуды өшіру мерзімі бір аптаға шегерілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жылуды тоқтату 22 сәуірге ауыстырылды. Қала әкімдігі тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, осындай шешім қабылдады.
Павлодарда келесі аптадан бастап жылудың өшірілетіндігі хабарланған еді. Дейтұрғанмен, қала жұртшылығы сәуір айының ауа райы салқын болып тұрғанын айтып, жылу тоқтаса пәтерлеріндегі шиеттей бала-шағалары жаурап қалатынына алаңдаушылық танытты.
Павлодар қаласының әкімдігі көпшіліктің өтінішін ескеріп, жылу беру мерзімі тағы бір аптаға ұзартылатынын қосымша хабарлады. Яғни жылу шаһар бойынша жаппай 22 сәуірде өшіріледі.
«Құрметті павлодарлықтар! Қала тұрғындарының өтініштеріне байланысты Павлодар қаласының әкімдігі жылыту маусымының аяқталу күнін 22 сәуірге ауыстыру шешімін қабылдағаны туралы хабарлаймыз. Қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар 22 сәуір күні басталады, бұдан соң гидравликалық сынақтар қаланың солтүстік бөлігінде өтеді» деп мәлімдеді әкімдіктен.