Павлодарда жылуға қатысты шағымдар екі есеге азайған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында биылғы жылу маусымы басталғалы тұтынушылар тарапынан 361 өтініш келіп түскен. Ал былтырғы сәйкес кезеңде арыз-шағымдардың саны 600-ден асып түскен болатын.
Биылғы жылу беру маусымының басында арыз-шағымдар айтарлықтай азайғаны тіркелді.
Бұл туралы өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлады. Қазіргі уақытта облыстағы 1220 әлеуметтік нысан мен көпқабатты 2389 ұрғын үйдің барлығы жылу жүйесіне қосылған.
— Жылумен қамтуға ерте дайындық және жылуға ерте қосу тұрғындардан түсетін өтініштердің азаюына әсер етті. Қазан айының басынан бері 361 өтініш түссе, өткен жылыту маусымының басында 660 шағым түскені анықталды. Келіп түскен өтініштердің барлығы жергілікті тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінде қаралып үлгерді, - дейді Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.
Биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында барлығы 31 шақырымнан астам желі жөнделді. Табиғи монополиялар субъектілері өз қаражаты есебінен ұзындығы 2,4 шақырым болатын желілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Павлодар облысындағы жылу желілерінің тозуы 80,5%-дан 79,7%-ға дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
Еске сала кетейік, ҚР Үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді.