Павлодарда жол бақылау камераларын қасақана бүлдірген ер адам ұсталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін алты камераны зақымдаған ер адам ұсталды. 31 жастағы азамат келтірген залалдың мөлшері анықталып жатыр.

қылмыс
Фото: Павлодар облысы ПД

Оқиға Омбы – Майқапшағай автожолында болған. Мотоциклге мінген ер адам жол бойындағы аркалы құрылымға жақындап, құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған алты камераның корпусын әдейі бүлдірген.

Оның әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Соған қарамастан, зақымданған жабдық штаттық режимде жұмысын жалғастырған.

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын жедел анықтады. Ол көршілес елді мекеннің 31 жастағы тұрғыны болып шыққан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.

Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Еске сала кетейік, Өскемен көшелеріндегі 300 камера іздеуде жүрген адамдарды анықтайды.