Павлодарда жолаушылар жиі шағым түсіретін тасымалдаушы ауыстырылмақ
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Павлодар автокомбинаты» ЖШС қызмет көрсететін қалаішілік 6 бағыт бойынша жолаушылар тарапынан арыз-шағым жиілеп кеткен. Жұртшылық автобустардың кешігіп келетініне және көліктердің ескілігіне наразы.
Павлодар қаласының әкімдігі №1, 1Э, 2, 9, 18 және 27 автобус бағыттары бойынша қызмет көрсететін тасымалдаушымен арадағы келісімшартты сот арқылы бұзғалы отыр.
- «Павлодар автокомбинаты» ЖШС алты автобус бағытына қызмет көрсетеді. Аталған фирмадағы қоғамдық көліктердің нашар жағдайы мен тұрақты жүрмеуіне қатысты шағымдар жиі түседі. Тұрғын үй-коммуналдық бөлімі компаниямен келісімшартты бұзатынын, ол бойынша сотқа талап арыз түсіріп жатқаны туралы тасымалдаушыны хабардар етті, - деп хабарлады қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының бөлімінен.
Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобыланбек Қожинның сөзінше, жоғарыда аталған 6 бағыттағы автобустардың жүру аралығы 15-тен 31 минутқа дейін ұзарған. Сондай-ақ көлік жетіспеушілігі бар, мәселен №2 бағытта қала көшелеріне 10 автобус шығуы керек болса, шын мәнінде 8 автобус қана қызмет көрсеткен.