Павлодарда ЖРВИ және пневмонияның көбеюіне байланысты жедел жәрдемнің қызметі күшейтілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік 103 стансасы қосымша медициналық бригадаларды желіге шығарды. Ал емханалар жұмыс уақытын 20.00-ге дейін ұзартты.
Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың көбеюіне байланысты аймақтық жедел жәрдем стансасы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Соңғы екі тәулікте медицина қызметкерлері 2 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетіп, 1 мыңға жуық кеңес берді. Бұл ретте 682 қоңырау ЖРВИ немесе пневмониямен байланысты болған. 474 жағдайда балалардың ауруға шалдығуы тіркелген.
— 1, 2 және 3-санаттағы шұғыл шақырулар бойынша жұмыстың жеделдігін сақтау үшін әр ауысымда желіге қосымша медициналық бригадалар шығарылады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасында емханалардың жұмыс уақытын сағат 20.00-ге дейін ұзартатын тиісті бұйрыққа қол қойылды. Әрбір емханада сүзгі кабинеті жұмыс істейді, онда пациентті қарап, ем тағайындай алады, -дейді өңірлік жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.
Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы Павлодар облысында 100 мыңнан астам ЖРВИ және 30-ға жуық тұмау жағдайлары тіркелген.
Еске сала кетейік, Павлодар тұрғындарының 1,8%-ы қатерлі ісік бойынша есепте тұр.
Фото: