Павлодарда жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, ер адам қаза тапты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының бірінде қызметкер қаза тапты.

жедел жәрдем
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Марқұм жергілікті техникалық қызмет көрсету стансасында қызмет еткен. Полиция еңбекті қорғау заңнамасын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

— Адам өліміне соқтырған жазатайым оқиға облыс орталығында тіркелді. Алдын ала мәліметке қарағанда, жүк көлігінің дөңгелегін үрлеп, орнату кезінде шина жыртылып кетіп, салдарынан станса қызметкері ауыр жарақат алып, қаза тапқан, — деп хабарлады Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге шақырту 7 қыркүйек күні сағат 10.30-да түскен. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері ер адамның қайтыс болғанын анықтаған. Денсаулық сақтау басқармасы жарақаттың нақты сипатын жариялаған жоқ.

Қазіргі уақытта комитет мамандары қайғылы оқиға бойынша тергеу-тексеру жүргізіп жатыр. Оның барысында адам өліміне соқтырған жағдайдың мән-жайы мен себептері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы анықталады.

Облыстық полиция департаменті еңбекті қорғау талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті. 

— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады полиция департаментінен.

Еске сала кетейік, Алматы облысында жол апатынан екі жаяу жүргінші мерт болды.