Павлодарда жүкті әйел көпірден секірмек болған

Полиция
Фото: Polisia.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында полицейлер әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

28 маусымда сағат 06:58 шамасында “102” операторының пультіне Усолка өзенінің көпірінде әйел адамның секіргелі тұрғаны туралы хабарлама келді. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ерқанат Құбайдолла мен Жақсылық Мұсабаев дереу жетті.

– Біз келгенде, қыз күйзеліске ұшыраған, көздері жасқа толы болып, қоршаудың артына көтерілуге үлгерген, осы уақытта біреумен эмоционалды түрде телефонмен сөйлесіп тұрған. Алыстан біз оны сөзге тартып, оған бұлай істеу дұрыс шешім емес екеніне сендірдік, туыстарының қандай жағдайда болатын түсіндіріп көрдік. Содан жанына жақындап, оның қолынан ұстап, көпірдің қауіпсіз жағына қайта көтерілуге көндірдік. Біз үшін онсыз да үмітсіз тұрған қыз баланы қорқытып алмау маңызды болды. Себебі, бір секундтың ішінде орны толмас оқиға орын алуы мүмкін еді, – деді қызмет инспекторы Ерқанат Құбайдолла.

Белгілі болғандай, мұндай әрекеттің себебі жүкті әйелдің жеке күйзелісі болды. Кейін полиция оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Полиция ведомствосында өңірдің полицейлері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет ететінін атап өтті. Азаматтарды қылмыстық шабуылдардан қорғай отыра, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға да көмектесуде. Мұндай жағдайлар аз емес. Өткен жылдары сол көпірде полицейлер жастарды бірнеше рет өмірмен есеп айырысу әрекеттерінен құтқарды.

– Қызмет ету және азаматтарымызға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз. Біздің қатарымыздағы барлық полиция қызметкерлері бұл кәсіптің батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулықты қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді, – дейді полиция қызметкерлері.

Соңғы жаңалықтар
telegram