Павлодарда «Журналистер үйінің» тұсауы кесілді

Бұдан былай «Звезда Прииртышья», «Сарыарқа самалы», «Регион KZ» газеттері, «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігі, «Найзатас» журналы мен Павлодар облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі Астана (бұрынғы Ленин), 143, мекенжайындағы ғимаратта орналасады.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін атаулы мерекемен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады. Айта кетейік, үш жыл бұрын журналистер бұл ғимараттан басқа жерге қоныс аударған болатын.
Аймақ басшысының бастамасымен өткен жылдан бері күрделі жөндеу жасалып, қалам мен микрофонды серік еткен жандар бұрынғы жаңа үйлеріне қайта қоныс аударды.
«Жағалау сіздерден алыс емес, сондықтан қыдырып, бос уақытта шығармашылық шабыттануға болады. Жаңа жыл қарсаңында сіздермен жаңа ғимаратта қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын. 2017 жыл Қазақстан мен Павлодар облысы үшін табысты болды. Бәріңізге жақсылық пен табыс тілеймін, Жаңа жыл құтты болсын, - деді Болат Бақауов.