«7 сағат бойы су шашылған». Павлодарда газдың жануы тоқтатылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері газгольдердегі газ өртін толықтай жойды.

өрт сөндіруші
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Жалын өзге аумақтарға таралып кетпеуі үшін 7 сағаттан астам уақыт бойы су шашып, ұстап тұруға мәжбүр болған.

Облыс орталығында 800-ден астам адамды қауіпсіз аумаққа көшіруге мәжбүр еткен газгольдердегі өрт сөндірілді.

— Сыйымдылығы 5 текше метр болатын жерасты жылыту газгольдері лаулап жанды. Құтқарушылар суды үздіксіз беруді ұйымдастырып, газгольдерді салқындату тұрақты жүрді. Өрт сағат 16.15-те ауыздықталып, сағат 20.58-де толықтай сөндірілді, — деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, облыс орталығындағы газгольдердегі газдың жануы туралы ақпарат бүгін сағат 13.31-де тіркелді.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің басқаруымен жедел штаб құрылды. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақын орналасқан ғимараттардан 850-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың арасында жақын орналасқан № 11 орта мектебінің оқушылары да болды. 

Соңғы жаңалықтар