Павлодарда жылу желісі жарылып, көпқабатты үйлер басқа желіге қосылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы жылу желілері зақымдалған жерге барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодарда жылу желісі жарылып, көпқабатты үйлер басқа желіге қосылды

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Айта кетейік, кеше сағат 19:00 кезінде ЖЭО-1 аумағында жылу желісі жарылды, сөйтіп Павлодардың оңтүстік желі арқылы қамтылатын ғимараттарға жылу беру тоқтатылды.

Екі сағат ішінде оңтүстік желі арқылы жылумен қамтылатын ауданның тұрғын үйлері «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ке қосылды. Бұл өз кезегінде қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді.

- Осылайша біз жылумен жабдықтау желілерінің аязда қатып қалмауының алдын алдық. Жылу температурасы төмендейді, есесіне құбырлардың зақымдалған жерін жөндеу үшін уақыт ұтамыз, - деді «ПТС» ЖШС басшысы Марат Иманаев.

Қазір «ПТС» ЖШС ЖЭО-1 қызметкерлерімен бірге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары 28 қараша сағат 10:00-да аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан кейін ғана жылу желілері іске қосыла бастайды.

- Ең маңыздысы – зақымдалған жерді жөндеп, қаланы жылумен қамтамасыз ету. Тұрғын үйлерге жылу жеткеннен кейін барып, апаттың шығу себебі мен оған жауаптыларды анықтаймыз, - деп тапсырды өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.

28 қараша сағат 00:10-да өңір басшысы оқиға орнына барып, жағдайды бақылауға алды.

Жауапты мекеме жылу қалаға 28 қараша сағат 19:00-ге дейін беріледі деп уәде етті.