Павлодардағы аурухананың 356 млн теңге қарызы бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласындағы №3 ауруханың кредиторлық қарыздары 2023 жыл басында небәрі 8 млн теңге болса, қазіргі уақытта бұл сома 356 млн теңгеге дейін өскені анықталды. Өңірдегі емдеу ұйымдарының біразында осындай мәселе байқалып отыр.

Медицина
Фото: Александр Павский/Kazinform

Бұл туралы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Маханбет Амангелді хабарлады. Оның сөзінше, Павлодардағы №1 қалалық аурухананың жыл басындағы берешегі 1 миллиард 235 миллион теңге болса, тоғыз ай ішінде оған тағы 700 миллион теңгеге шығын қосылған. Ал №3 қалалық аурухананың берешегі 2023 жыл басында 8 миллион теңге болса, бір жарым жыл ішінде 44 есе өсіп, 356 миллион теңгеге дейін өсті.

М.Амангелдінің жеке архивінен
Фото: М.Амангелдінің жеке архивінен

 

– Алайда облыстағы емдеу ұйымдарының қарыздарына қатысты мәселе бұл ғана емес. Мысал үшін былтыр Екібастұз қалалық аурухананың кредиторлық берешегі 700 миллион теңгені құрады. Қарыздың 50 пайызы коммуналдық қызметтерден шыққан. Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл жағдайға араласып, аурухана қолданыстағы тарифтен үш есе артық төлейтінін анықтады. Қордың талқылауынан кейін коммуналдық қызметтер 2,5 есе төмендеді. Оған қосымша аурухананы қаржыландыру 415 миллион теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде ұйымның қарызы қысқаруы керек еді. Өкінішке қарай, аталған мекеменің сыртқы берешегі 968 миллион теңгеге дейін өскен, – дейді Маханбет Амангелді.

Депутат Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана мен кардиологиялық орталықта ешқандай берешектің жоқтығын айтып, оң мысал ретінде келтірді.

«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, емделушілер жасайтын шағымдардың көпшілігі жоғарыда аталған үш ауруханаға қатысты. Әдеттегідей №1 қалалық аурухана тұрғындар наразылығы бойынша көш бастап тұр. Облыс басшылығына № 1 Павлодар қалалық аурухананың бас дәрігерін, Екібастұз қаласының бас дәрігерін лауазымдарынан босатуды, ал № 3 Павлодар қалалық аурухананың бас дәрігеріне тәртіптік сипаттағы шаралар қолдануды ұсынамын», – дейді депутат.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың сөзінше, аталған медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінен бөлек, дебиторлық берешегі де бар.

– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша біз бұл мәселені тәртіптік комиссияға шығарамыз. Бас дәрігерлерге қатысты тиісті тәртіптік шараларды қолданамыз, – деді басқарма басшысы.

Бұған дейін жедел жәрдем көліктерінің тозу деңгейі бойынша Павлодар облысы аутсайдерлер қатарына кіріп тұрғаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар