Павлодардағы дүкенде арандатушылық жасаған әйел жауапқа тартылып, ісі сотқа жіберілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полиция дүкенге «Орыс тілінде ғана қызмет көрсетеміз!» деген жазуы бар парақтарды жапсырып, бейнежазбаға түсіріп алған әйелдің жеке басын анықтады. Оған қатысты іс қозғалды.

Павлодардағы дүкенде арандатушылық жасаған әйел жауапқа тартылып, ісі сотқа жіберілді
Фото: freepik.com

«Лакомка» дүкенінде ұлтаралық алауыздық тудыратын сөздер жазылған парақша жапсырып, оны телефон камерасына түсірткен әйел адамның ісін полиция бұзақылық деп таныды.

- Аталған факті бойынша облыс орталығының тұрғыны анықталды, ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылады. Материал жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полиция бұған қоса әлгі видеода әйелді телефон камерасына түсіріп тұрған ер адамның арандатушымен ешқандай таныстығы жоқ екенін анықтаған. Арандатушы әйел оны дүкен алдында кездестіріп, камераға түсіріп жіберуді сұраған. Ойында ештеңе жоқ отағасы әйелдің ұсынған ұялы телефонын қолына алып, түсіре берген. Полиция онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлдебіреулер Лермонтов көшесінде орналасқан дүкеннің есігіне және сөресіне орыс тілінде «Тек қана орысша қызмет көрсетеміз!» («Обслуживаем только на русском!») деп жазылған қағазды жапсырып, оны телефон камерасына түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жүктегені туралы жазғанбыз. 

«Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай көпшіліктің арандатушылыққа еріп кетпеуін сұрады. 

Соңғы жаңалықтар