Павлодардағы қасапхана машақаты: ауыл адамдары мал сойып сатудан неге қашқақтайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар өңірінде мал соятын және өлекселерді көметін орындарға қатысты мәселелер қалыптасып отыр. Кейбір ауылдардың тұрғындарына жалғыз қойын сойса да, 50-60 шақырым жерге сандалуға тура келіп тұр. Ал мал қорымдарының жоқтығынан кейбір аудандарда бруцеллез ауруы өршіп кеткен.

Түлікті тірідей тапсыруға мәжбүр
Қасапхана мәселесі, әсіресе, соғым десе есі кетіп, тісі қышитын халқымыз үшін қиынға айналып тұр. Қара күз бен желтоқсан айының басында ауыл-аймақтарда жұрт жаппай күздік пен қысқы соғымдарын жығады. Мұның сыртында қаладағы туыстарына жіберу, бала-шағаның нәпақасы үшін малды етке тапсыру бар.
Мал сою алаңдарын құру жобасы жүзеге аса бастағалы теріскейдің халқы ақ-адал малының тірідей есебінен ұтылып отыр. Себебі етке өткізейін десе, жақын жерде қасапхана жоқ. Амалсыздан ветеринар іздеп, қасапханаға дейін № 1 формадағы анықтама (ілеспе құжат) алуың керек. Одан соң әлгі анықтамамен мал іздеу пунктін іздеп сабыласың. Күзгі уақытта ол жерде кезек қалыптасып қалуы да ғажап емес.
— Түлігіміз талай жылғы еңбегімізді ақтамады, пайдасын көре алмай отырмыз. Тіпті, қаладағы туысқандарымызға ет жіберуден қалдық. Апарар болсақ, аңдып жүрген жол полициясы айыппұл арқалатып жібереді, - деп қынжылады ауыл жұрты.
Түсініктірек болуы үшін атап өтейік, Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығында былай деп көрсетілген:
— Мал сою алаңдарында жануарларды сойған кезде ветеринариялық дәрігер союға түскен төрт түлікке ілеспе ветеринариялық құжаттың (ветеринариялық анықтама немесе ветсертификат) болуын және ауыл шаруашылығы жануарларын (немесе жеке жануарды) ілеспе ветеринариялық құжатқа сәйкестігін тексереді. Ветеринариялық қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдында ветеринариялық қарап тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін қарап тексеруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.
Бір сөзбен айтқанда, сою алаңы — ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пунктері жоқ кезеңде, ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін бейімделген.

Ал сою пункті — ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге қабілетті, жануарларды соятын және жануарлардың сойылған өнімдерін бастапқы өңдейтін жабдықтармен жарақтандырылған, ветеринариялық-санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетін орын. Сондықтан ауылдық аумақтарда мал сою алаңдары ғана қарастырылады.
Осы бір құжат машақатынан қашқан теріскейдің адамдары күзде малдарын тірідей сатып жіберуге әрекеттенеді. Себебі түлікті тасып, қайта-қайта анықтама алып жүгірмейсің. Алайда тірідей тапсыру — етін бөлшектеп өткізу емес. Бағасы арзан әрі ол көздің шамасымен өлшенетін берекесіз сауда. Мал өсірумен ғана күнелткен момын фермерлер амалсыздан алыпсатарлардың жеміне айналады.
— Өзім мал бордақылаумен, ет бизнесімен айналысамын, Дейтұрғанмен мені ең әуелі ауыл жұртының жағдайы ойлантады. Туған ауылыма жиі ат ізін салып, мал етін шаһарға жеткізе алмай отырған азаматтарға көмектесемін. Көп ауылдарда арнайы мал сою алаңының жоқтығы қосымша шығынға ұшыратып отыр. Бір барғанда шағын жүк көлігімен аудан орталығына 4-5 ірі қара апарып сою қажет болады. Оны жеткізуге шамамен 50 мың теңге шығындаламын. Сондықтан мен үшін пайдасынан гөрі, шығыны басым болып тұр. Жергілікті аудан әкімдігі, жауапты мекемелер бұл мәселеге бас ауыртпайтындай көрінеді. Қаншама халық тұратын Аққулы ауданының өз басында, Қорт, Майқарағай ауылдарында, берісі Шарбақты ауданының Шалдай, Галкин, Баймолдин елді мекендерінде әлгіндей алаңдар жоқтың қасы. Халық жалғыз қойын сою үшін 50-60 шақырым жерге тасымайтыны анық. Сөйтіп елде құжатсыз ет тапсыру басталады. Мұның соңы «бармақ басты, көз қысты» әрекетке ұласады. Арасында ауру мал кетіп қалса, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Павлодар облысы бойынша елді мекендердің шамамен 60-70 пайызында мал сою алаңдары жоқ екенін сенімді түрде айта аламын. Мемлекет мал сою алаңдарын құру бойынша кәсіпкерлерді ынталандыра алмай отырған тәрізді. Себебі нұсқаулық бойынша оның сойылатын малды жеткізетін көлігі, түліктен алдын ала сынама алатын ветеринар (ветеринардың еңбегін мемлекет төлейді) болуы керек. Жергілікті ветеринар маман алаңды бақылап, анықтамамен қамтамасыз етуі тиіс. Кейбір жерлерде ол мамандардың өзі жеткіліксіз. Негізі мал сою кәсібі табыссыз емес, ебін тапса мол пайда келтіруге болады. Тек жүйесі жолға қойылмаған. Есесіне ауылдықтар зиян шегіп отыр, — дейді кәсіпкер Мұрат Иманғазинов.

Мал союдың құны қанша?
Қасапханасы бар ауылдарда мал союдың бағасы әртүрлі. Мал сою алаңын жалдағаны үшін тұрғын түліктің тұрқына байланысты (қой, қара мал, жылқы) 1,5 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін төлейді. Мұның сыртында терісін сыпырып, етін бөлшектеп беретін қасапшының еңбегі бар. Сайып келгенде ірі малға орташа есеппен 15-20 мың теңге шығынданады.
Шарбақты ауданы Шегірен ауылында мал соятын алаң ұстап отырған Нұржан Азаматовтың айтуынша, тұрғындар көбіне өз қасапшысымен келеді екен. Алаң иесі сиыр сойылса — 3 мың, жылқыға — 4 мың, қойға 1,5 мың теңге алады. Кәсіпкер санитариялық, ветеринариялық мекемелер тарапынан тексерістің көп бола қоймайтынын жеткізді. Ал тұрғындар түлігін көбіне тірідей салмақта сатып жібергенді құп көретінін жасырмады.
Өңірдің оңтүстік қиырында орналасқан Баянауыл ауданының халқы да осындай мәселеге кезігіп отыр. Жұмат Шанин ауылының тұрғыны, мал өсірумен айналысатын Нұрдәулет Айтбаев жұртта мал баршылық, алайда союға келгенде қиналып қаламыз деп ағынан жарылды.
— Мал соятын алаңға бөлінген жер бар, бірақ бұл бизнесті алғысы келетін адам жоқ. Естуімізше ондай нысандарға тексерістер көп болады екен. Сыртқа ет жібергіміз келсе, аудан орталығынан немесе Торайғыр ауылынан анықтама алғызамыз. Жергілікті ветеринар сойылатын малдың ауру емес екеніне көз жеткізіп, штамп қойып береді. Ал сенбі-жексенбі күндері туысқандарымыз соғым әкететін болса, шаруашылық атынан түсініктеме жазып жібере береміз, -дейді ол.
Анықтағанымыздай, Павлодар облысының аумағында мал союды жүзеге асыратын 62 нысан бар. Оның 8-і ет және құс етін өңдейтін кәсіпорындарға тиесілі болса, сою пункттерінің саны — 5, сою алаңдары саны - небәрі 49. Өңірде 350-ден астам ауыл, 120-ға жуық ауылдық округ бар екенін ескерсек, сою алаңдары олардың жартысын да қамти алмай отырғанын түсінуге болады.

— Ауылдық округтердің санына шақсақ, сою алаңдары Ертіс, Май аудандарында, Павлодар қаласында, сондай-ақ Тереңкөл және Аққулы аудандарында аз. Жалпы мал етін дайындау (сою) объектілері бойынша нормалар жоқ. Әрі бұл нысандарды бюджеттен қаржыландыру көзделмеген. Өйткені қызметтің бұл түрі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметке жатады әрі оны осы саладағы заңнамаға сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыруына құқылы. Былтыр мал сою нысандарында 25 908 ірі қара, 8 132 ұсақ мал, 6 141 жылқы, 172 538 құс, 154 007 шошқа сойылған. Үй жануарларын сою туралы деректер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қорының ақпаратық жүйесінде тіркеледі, сонымен қатар ай сайын Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жіберіледі, — дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.
100-ге жуық ауылда мал қорымы жоқ
Өңірде мал қорымдарының жетіспеушілігі де бүгінде үлкен мәселеге айналған. Тұрғындар мұның зардабы сау адамға, төрт түлікке тиеді дейді. Көп жерлерде мертіккен немесе аурудан көтерем болып өлген малды ой жерлерге лақтыра салады.

Күн жылыда ол бұзылып, түрлі аурудың тарауына себеп. Бұл проблема әсіресе, Баянауыл ауданында өзекті. Ауылдардың басым бөлігінде мал қорымы жоқ.
— Соңғы жылдары Баянауыл жерін бруцеллез ауруы меңдеп тұр. Талай жыл баққан ақ-адал малымыз бір-ақ күнде бруцеллез болып шыға келеді. Әдетте етке тапсырғанда 400-500 мың теңге шығаратын қара мал бруцеллезге ұрынса, шұжық өндіретін кәсіпорынға небәрі 60-70 мың теңгеге өткізесің. Сұмдық емес пе?! Былтыр бір ғана менің қожалығымнан 8 бас қара мал бруцеллез болып шықты. Жеке аулалардан бестен, оннан шығып жатады. Осының бәрін есептеп көрсек, қыруар шығын. Бруцеллезге қарсы салатын вакцинаға да сенім жоқ, көбіне малдың бойындағы індетті жасырып көрсетеді. Мынау бізбен шекаралас Қарағанды облысындағы бір ірі мал шаруашылығы үш жыл вакцинаны салып келіп, төртінші жылы салмай қойғанда сиырлардың 80 пайызынан бруцеллез анықталған. Яғни осы уақыт ішінде жануарлар бір-біріне жұқтыра берген ғой. Ауылымызда арнайы мал қорымы жоқ. Мал шығынсыз болмайды, мертігіп жататындары көп. Біздің ауылдың өзінен жылына кемі 60-70 мал ысырап болады. Іргемізде, небәрі 500 метр жерде Тақыркөл деп аталатын көл бар. Соның жағасына апарып лақтыра береміз. Ол жер жазда ыбырсып, бақа-шаянның ордасына айналады. Айналасына мал жайылады. Ал сүйек-саяғын қаңғыбас иттер ауылға сүйреп алып келеді. Сиыр күйсегенде сүйек жалайтыны бар. Айналып келгенде түлігімізді ауру қылатын аурудан, көтерем болып өлген малдан бөлінетін түрлі бактериялар, жұқпалы індеттер. Бұл мәселені айтып бармаған жеріміз жоқ. Инсинераторлар (өлекселерді жағатын пештер) әкеліп, жағып жібереміз деген. Өкінішке қарай, ондай мүмкіндікті көрмедік. Аудан әкімдігі де, облыстық ветеринария, ауыл шаруашылығы басқармалары да шеше алмай отыр, — деп мұңын шақты Нұрдәулет Айтбаев.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста жануарлар өлекселерін жоятын 239 мал қорымы бар, оның 33-і типтік, 206-сы қарапайым шұңқырлар. Сонымен қатар, барлық аудандарда инсинераторлар (өлекселерді жағатын пештер) бар. 22 инсинератордың екеуі ғана жылжымалы.
Асылтас Тілеубаев Ертіс-Баян өңірінде мал қорымдарын салу мәселесі өзекті екенін мойындайды. Жалпы өңір бойынша жаңадан 100-ге жуық мал қорымы қажет.

— Негізі мал қорымдары әрі кетсе 50 жылға жарамды. Ал өлекселерді жағып жіберетін инсинераторлардың шығыны шаш-етектен, газ, жанар-жағармайды көп тұтынады. Қарапайым есепке жүгінсек, бір инсинератордың құны 20 млн теңге тұрады. Оған қоса, құрылғыны үнемі баптап тұру керек. Бір өлексені жағып жіберуге кемі 100 литр жанар-жағармай жұмсалады. Ал әдеттегі мал қорымын салуға шамамен 30 млн теңге қажет болады. Үнемділік тұрғысынан мал қорымы тиімді болса, экологиялық жағынан жағу аппараттары оңтайлы. Мал қорымдарының екі түрі бар. Біріншісі, типтік және екінші түрі — қарапайым. Алғашқы түрі ветеринарлық-санитарлық ережелерге сай салынса, екінші түрін қарапайым бетонды шұңқыр деп атауға болады. Типтік қорымға жерасты сулары кірмейді. Облыс аумағындағы осы тектес нысандардың көбі 2015 жылы салынған, — дейді ол.
Баянауылды бруцеллез бүріп тұр
Мал қорымының жетіспеушілігінен өңірдегі эпизоотиялық ахуалдың оңып тұрмағанын байқауға болар. Ресми деректерде 2023 жылдың басынан осы уақытқа дейін 5902 бас ірі және ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталғаны айтылады.
Мәселен былтыр 604 376 бас ірі қара және 683 588 бас мүйізді ұсақ малдар бруцеллез ауруына тексеріліп, жалпы саны 2863 ірі қарадан және 245 ұсақ малдан індет табылған. Ал биыл жыл басынан 2007 ірі қара мен 126 ұсақ мал бруцеллезді жұқтырған. Өңірдегі барлық ірі қараның 0,4 пайызынан бруцеллез анықталып отыр.

Бруцеллез бойынша өңірдегі ахуалды әрі қарай зерделей түссек, ең көп деректер Баянауыл ауданында тіркелгенін көруге болады. Мұнда былтыр — 1535, биыл жыл басынан 1108 ірі қара мал бруцеллезге шалдыққан. Одан кейін Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы аудандары тұр. Өкінішке қарай, өзге аудандардағы барлық ауру малдың санынан Баянауылда тіркелген деректер саны асып түседі.
— Облыс көлемінде 2023-2024 жылдары Ақтоғай ауданынан ғана бруцеллез ауруы шыққан жоқ. Ірі қара мал бойынша анықталған бруцеллез ауруын аудандарға шаққанда 53-55 пайызы Баянауыл ауданына, 11-13 пайызы Екібастұз ауылдық аймағына, 9-12 пайызы Ақсу ауылдық аймағына, 8-10 пайызы Павлодар ауданына тиесілі, — деп толықтырды ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Өкінішке қарай, Баянауыл ауданынан мұндай күрделі ахуалдың не себепті қалыптасып отырғанын түсіндіріп бере алатын басшы таба алмадық. Жергілікті ветеринария бөлімінің басшысы Наурызбай Дәулетов журналистер десе, ат-тонын ала қашатын жанға ұқсайды.
Аймақтағы мал сою алаңдары мен мал қорымдарының күйі оңбай тұрғаны ветеринар мамандардың жетіспеушілігінен де болуы мүмкін. Облыстық ветстансасының штаттық кестесіне сәйкес, ауылдық округ ветеринарлық пунктерінде 530 маман қызмет атқарып жүрген болса, тағы 536 ветеринарлық маман қажеттігі туындап отыр.
