Павлодардағы шаңғы базасында заманға сай ғимарат ашылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Зеленая роща» шаңғы базасында спорт залы мен киім ауыстыруға арналған бөлмелері бар жаңа ғимарат пайда болды. Сондай-ақ биыл мұндағы шаңғы жолдары 800 метрге ұзартылды.

Павлодар
Фото: Валерий Бугаев

Ертіс-Баян өңірінде шаңғы спортымен және биатлонмен айналысатындардың қатары артып келеді. Бұған Павлодар қаласындағы «Зеленая роща» шаңғы базасы мүмкіндік беріп отыр. Дейтұрғанмен жаттығу үдерісін сапалы өткізу үшін шаңғы базасының спорттық инфрақұрылымын нығайту, оның ішінде киім ауыстыратын бөлмелері, спорттық жабдықтарды сақтауға арналған орындар, спорт залы, ата-аналардың балаларын күтіп отыруына арналған орындары бар жеке ғимарат салу қажеттілігі туралы мәселе жиі көтерілетін. Жергілікті әкімдік тұрғындардың бұл өтінішін қабыл алып, жаңа әкімшілік ғимарат тұрғызылды.

Шаңғы
Фото: Валерий Бугаев

Өңір басшысы Асайын Байханов шаңғы жарысы мен биатлон секцияларына арналған жаңартылған спорт залында болып, гимнастика мен тренажер залдарын, киім ауыстыратын бөлмелерді, төрешілер мен жаттықтырушылар бөлмелерін аралап көрді.

Шаңғы
Фото: Валерий Бугаев

Арнайы бөлмелер кәсіби спортшылармен қоса, қысқы спорт түрлерін ұнататын әуесқой жандар үшін де жайлы жағдайлар тудырып отыр. Олар ыңғайлы жағдайда жаттығулар жасап, жарыстарға тиімді дайындалуға мүмкіндік иеленеді. Ал заманауи құрал-жабдықтар спортшылар үшін өз нәтижелерін еселей түсуге септігін тигізеді.

Жаттығу залы
Фото: Валерий Бугаев
жаттығу залы
Фото: Валерий Бугаев

- «Зеленая роща» шаңғы базасына алғаш рет келіп, жас спортшыларымыздың қандай жағдайда спортпен шұғылданып жатқандарын көргендегі таңданысым әлі есімде. Балалар киімдерін жарық, жылу, су, тіпті, дәретханасы жоқ темір контейнерлерде ауыстырып жатқандарын байқаған едік. Қазіргі жасалған жағдайлар көптеген баланың қысқы спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік тудырып, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деді облыс әкімі.

Шаңғы
Фото: Валерий Бугаев

Қыркүйек айының басында шаңғы жолы 800 метрге ұзартылып, толығымен жаңартылды және бұрылыстары кеңейтілді. Бұл спортшылардың шаңғымен жүгіру кезіндегі қозғалысын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Спорт нысанын реконструкциялау өңірдегі қысқы спорт түрлерін дамытудағы және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы маңызды қадам болды. 

Мұнда жыл сайын шаңғы жарысы, шаңғы роллері, триатлон және басқа да спорт түрлерінен ел чемпионаттарын қоса алғанда 120-дан астам спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Еске сала кетейік, Астанада қысқы спорт түрлерінің маусымы басталды. 

Соңғы жаңалықтар