Павлодардағы 87 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат –Павлодар ауданында өткен жылы Шақат ауылы талшықтық-оптикалық байланыс желісіне қосылса, 2020 жылы 1 мамырда Набережное ауылын қамту көзделіп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодардағы 87 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған


Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының директоры Ермек Қуанышбеков мәлім етті.

«Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасына сәйкес «Қазақтелеком» елді мекендерде талшықтық-оптикалық байланыс желісін тартуға кірісті. Бұл жоба «Қазақтелеком» мен Ақпарат және коммуникация министрлігі арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Жоба 14 жылға есептелген. 2018-2020 жылдары құрылыс және қосылу, 2032 жылға дейін қызмет көрсету жоспарланған. Павлодар облысында барлығы 364 елді мекен бар. Бүгінгі таңда 87-сіне талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылған, - дейді Ермек Қуанышбеков.

ӨТД директорының айтуынша, былтыр жүзеге асырыла бастаған жоба аясында барлығы 9 елді мекен немесе 36 мемлекеттік мекеме интернетке қосылған. Биыл үш ауданда құрылыс басталған. 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қосымша 20 елді мекен мен 74 мемлекеттік мекеме қамтылады.

«Бұрын интернеттің жылдамдығы ең көп дегенде секундына 4 мегабит, кейде 8 мегабит болатын. Қазіргі таңда секундына 100 мегабитке дейін жетеді. Шақат жалпы орта білім беру мектебінде жылдамдық 10 мегабитті құрайды.

Сондай-ақ, жергілікті әкімдік, полиция және фельдершік-акушерлік пукнтінде тартылды. Қазіргі таңда жеке адамдар да қосылуда. Жылдамдық жоғары болса, төлемақы да жоғары болмақ. Дегенмен, мектеп үшін 10 мегабит жеткілікті, - дейді Ермек Қуанышбеков.