Павлодардағы көрмеге ежелгі күміс зергерлік бұйымдар қойылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Естай атындағы мәдениет сарайында ашылған көрмеге 19 – 20 ғасырдағы әйелдердің білезіктері мен күміс жүзіктері де қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Көрмедегі экспонаттар Павлодар облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорынан әкелінген.
- Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Ертіс-Баян өңіріне еңбегі сіңген аналарымыздың киген киімі мен ол кісілерді қолданған заттары осы көрмеге қойылды. Соның ішінде танымал Нағима Сағындыққызы, Гүлбаршын Дүрманова, қаламыздың құрметті азаматы Шолпан Байғалықызы, бұлбұл көмей әнші Майра Шамсутдинованың заттары, халқы емшісі Үміт апамыздың киген шапандары осы көрмеден орын алды, - деді Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Қадырұлы.
Мерекеге орай ұйымдастырылған көрмеде тұлғалардың белбеулері, шапандары, ыдыс-аяқтары, әшекей бұйымдары қойылған.
«19-20 ғасырдағы әйелдердің білезіктері мен күміс жүзіктері де қойылған. Мысалы, ұлағатты ұстаз, «Нұр ана» облыстық қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрайымы Зара Қожахметованың 20 ғасырда тігілген ұлттық киімі бар», - деді Жеңісбек Қадырұлы.
Сондай-ақ журналист, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ләзиза Серғазинаның ұстаған ыдыстары, Әйгілі Майра Шамсутдинованың ізін жалғасушы Қапиза Әбуғалиқызының концерттік көйлегі де қойылған.
Көрмедегі заттар белгілі тұлғалардың мұражайға тапсырған жеке бұйымдары.