Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде жылына 1000-нан аса жұп некесін қияды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте жылына мыңнан аса жұп некесін қияды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Айта кетерлігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2018 жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялаған. Осыған байланысты аптаның әр бейсенбі күні мешітте отбасын құрған жастарға уағыз-насихат жүргізіледі.
«Мешітте неке қидыруға тізімделген жастарды өткен наурыз айынан бері әр аптаның бейсенбі күні арнайы шақырамыз», - деді мешіттің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Оның сөзінше, жастарға «Исламдағы отбасы», «Шариғат бойынша ері мен әйелінің бір-бірінің алдындағы міндеттері және құқықтары», «Отбасы жылулығы», «Ажырасу - Алла Тағаланың алдындағы ең жағымсыз амал» сияқты көптеген тақырыптар бойынша уағыздар айтылып, ақыл-кеңестер беріліп келеді. Бұл іске мешіт имамдары мен ұстаздар белсене атсалысуда. Осы аптаның бейсенбі күні бұл шараны облыс өкілдігінің жалпы және жастар ісінің меңгерушісі, қалалық Әбу Бәкір сыддық мешітінің бас имамы Біржан Әкімбеков жүргізген.
«Қалада некелескен барлық жастар Мәшһүр Жүсіп мешітіне келіп неке қидырады», - деді бас имам.
Оның сөзінше, мешітте неке қидыруға қатысты барлық жағдайлар жасалған.
«Біз некелесіп жатқан жастарға отбасы бақыты үшін қандай жағдай болмасын ерлі-зайыптылар бір-біріне құрмет көрсетіп, жақсы мәміледе болуы керек екендігін түсіндіреміз. Бір-біріне деген қызғаныш, басқа да келеңсіз сезімнен бойды аулақ ұстау керектігін айтамыз. Оларға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін Алланың кәләмі Құран мен Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін оқимыз. Егер өмір сүру салтымызды осы Ислам дініне негіздейтін болсақ, отбасымызда және отанымызда әрқашан тыныш болып, берекеге толып екі дүниенің бақытына қол жеткізеріміз анық»,-дейді мешіттің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, бір аптада мешітте 20-дан 25-ке дейін неке қиылады.
«Бір жылда мешітте некесін қиятындар саны мыңнан асады. Тек қана ақпан мен мамыр айларында неке қиғандар саны аз болады. Неке қиғандардың арасында жастар мен егде жасқа келгендер де бар. Мысалы, осыдан 20-30 жыл бұрын отбасын құрамын деушілер тек қана азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінен өтіп, мешітке келмейтін. Ал, қазір мешітте неке қиюдың маңызын түсініп, 60-70 жастағы жұбайлар келіп жатыр. Бұл дұрыс», - деді Амантай Тойшыбайұлы.