Павлодардан 700-ден астам жас әскер қатарына шақырылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Мерзімді әскери қызметшілер өз қалаулары бойынша Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әскери бөлімдеріне жіберіледі.

Ақтөбедегі әскери бөлімде бір сыныпта оқыған 6 жігіт Отан алдындағы борышын өтеп жүр
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Павлодар облысында мерзімді әскери қызметке күзгі шақыруды жасақтауға дайындық басталды. Өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуат Жақановтың айтуынша, 734 шақырылушыны жинау жоспарланып отыр. Оның 105-і ҰҚК Шекара қызметіне, 355-і Қорғаныс министрлігіне, 25-і Төтенше жағдайлар министрлігіне, 9-ы ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне, 240-ы Ұлттық ұланға жіберіледі.

- Павлодар облысынан наряд (бөлініс) болған кезде, біз міндетті түрде сол бойынша жергілікті шақырылушыларды жібереміз. Мысалы, соңғы көктемгі шақыру кезінде 30 адам 6679 әскери бөліміне қызмет етуге аттанды. Біздің мерзімді әскери қызметшілердің көбі туыстары ант қабылдауға келе алуы үшін жақын жердегі Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бөлімдеріне барады, - деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, Ұлттық ұланда барлық әскери қызметшінің жалақысы бір уақытта төленетін болды