Павлодардан экспортқа қандай тауарлар жөнелтіледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жылдың алғашқы 9 айында Павлодар облысындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 2 млрд 600 млн АҚШ долларын құраған. Сыртқы сауда айналымының негізгі үлесі экспортқа тиесілі – 87%.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жылдың алғашқы 9 айында республикалық бюджетке 12 млрд 366,9 млн теңге кедендік төлемдер мен салықтардың түсуін қамтамасыз етті. Өңірдің сыртқы сауда айналымының көлемі 2 млрд 600 млн АҚШ долларын құраған.
- Экспорттың негізгі тауарлық позициялары - металлургия, мұнай-химия және отын-энергетика кешендерінің өнімдері. Экспорт құрылымында мынадай тауарлар басым: металдар және олардан жасалған бұйымдар – 53,8% (ферроқорытпалар, легирленбеген алюминий және т. б.), минералды өнімдер – 40,6% (мыс концентраты, көмір, мұнай коксы және т. б.), химия өнеркәсібі өнімдері – 2,8% (металлургиялық глинозем, кальций нитраты және т. б.), жануарлар және өсімдік тектес өнімдер – 1,7 % (күнбағыс тұқымы, жұмсақ бидай, майлы зығыр, асшаян цистері және т.б.), жабдықтар мен механикалық құрылғылар – 0,5% (кабельдік өнімдер),-деп хабарлады өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінен.
Ал импорт құрылымында мынадай тауарлар басым: жабдықтар мен механикалық құрылғылар – 59,7%, химия өнеркәсібінің өнімдері – 14,7%, жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер – 6,6%, металдар мен олардан жасалған бұйымдар – 4,3%, минералды өнімдер – 1,6%.
Еске сала кетейік, күзде елімізден 1,8 млн тонна егін экспортқа жөнелтілді.