Павлодардың 19 жастағы тұрғыны оқушымен байланысы үшін сотталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында 19 жастағы жігіт Instagram арқылы танысқан 15 жасар қызбен кездесіп, заңға қайшы әрекеттерге барған соң, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Павлодардың 19 жастағы тұрғыны оқушымен байланысы үшін сотталды
Фото: Артём Викторов / Kazinform

Қылмыстық іс «Көрінеу 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу» бабы бойынша қаралды. Тергеу мәліметтері бойынша жас жігіт қызбен 2025 жылдың бас кезінде танысқан. Бір-екі ай кездескен соң кәмелетке толмаған қызға ішімдік ішкізіп, оның үйіне баруды өтінген.

Сотта жасөспірім интимдік қатынасқа келісімін бергенін айтты. Алайда қыз ол кезде 16-ға толмаған. Анасы қызының 19 жастағы жігітпен қарым-қатынасын біліп, полицияға хабарлаған. Сот отырысының қорытындысы бойынша сот айыптау үкімін шығарды.

— Қылмыстық кодекстің 122-бабы, 4-бөлімі, 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Өмір бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымдарды атқару құқығынан айырылсын, — деп үкімді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Юсупова жариялады.

Сондай-ақ сот қыздың анасына қатысты шара қолдануды талап ететін арнайы қаулы шығарды. 

Айта кетейік, Павлодарда ауыл тұрғыны өз қызын зорлағаны үшін 16 жылға сотталды.