Павлодардың 6 ауданында өртке қарсы іс-шаралар дұрыс ұйымдастырылмай отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жергілікті әкімдер жазғы кезеңге дайындықтарын тиісті деңгейде жүргізбеген. Ерікті өрт сөндірушілер құрылымы кейбір жерлерде мүлде құрылмаған.

өрт сөндірушілер
Фото: облыстық ТЖД

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев өрт қауіпті кезеңге дайындық жұмыстарының барысына қатысты алаңдаушылық танытып отыр. Айтуынша, кейбір аудандарда тілсіз жауға қарсы әзірлік ойдағыдай емес.

— Аудандарда ерікті өрт сөндірушілер құрылымын құру туралы тапсырманы барлығы біледі. Соған қарамастан бүгінде Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Шарбақты, Павлодар, Аққулы аудандарында мұндай жұмыстар жүргізілмеген. Жергілікті әкімдіктердегі бақылаудың жоқтығынан осындай салғырттық туындап отыр деп ойлаймын, - дейді ол.

Облыста бүгінде 57 өрт сөндіру бекеті, 59 түрлі техника, 140 қызметкер бар. Олар жалпы саны 115 мыңнан астам адам тұратын 263 елді мекенді өрттен қорғауға жұмылдырылған. Биыл тағы бес ауданда өрт сөндіру бекеттері пайда болады. Атап айтқанда, Баянауыл ауданының Бірлік ауылында, Ақтоғайдың Қожамжар, Ертістің Северное, Железиннің Веселая Роща, Тереңкөлдің Львовка елді мекендерінде салынады.

Қазіргі күні аймақта 1703 адамнан тұратын 126 ерікті өрт сөндірушілер құрылымы жұмыс істейді.