Павлодарды маса мен шыбын-шіркей буып тұр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде дезинсекциялық жұмыстардың аралық қорытындысы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодарды маса мен шыбын-шіркей буып тұр

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев мәлім еткендей, ғылыми топтың ұсынысы бойынша қансорғыш жәндіктердің дернәсілдерін улау жұмыстары 1 мамырда басталған.
- Бүгінгі күні «Бактицид» биопрепаратының 62 тоннасы, химиялық препараттың 1907 литрі пайдаланылды, - деді Қадылжан Сәтиев. – Өңделген алқаптың ауданы 26 мың гектардан асты. Барлық жұмыстар жер қойнауын пайдалану басқармасы, ғылыми топ пен арнайы құрылған жұмыс тобының қадағалауымен жүргізілуде.

Шенеунік облыстағы шыбын-шіркейдің таралуына қатысты жағдайға баға беруден бас тартқанымен, олардың биыл көптігін мойындады. Оның себебі ретінде Қадылжан Сәтиев биылғы Ертіс өзеніндегі табиғи су жіберу мерзімінің кеш басталғанын алға тартты.
- Қалай болғанмен жұмысымызға халық өз бағасын бере жатар, біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз, - деді Қадылжан Сәтиев. – 28 мамырдан бастап қаладағы саябақтарды қолға алдық. Мердігер қосымша 2-3 бригаданы көмекке алды. Жұмыс жалғасуда.

«ТЕК.А.ТЕК.kz» ЖШС-ің ғылыми тобының жетекшісі Дәулет Ибраев айтып өткендей, бүгінде маса мен шіркейдің дернәсіліне қарсы жұмыс аяқталуға жақын. Ғылыми топтың болжамынша жақында жағдай жақсармақ.