Павлодардың теміржол вокзалында аса ірі көлемдегі есірткі затымен 24 жастағы азамат ұсталды - баспасөз мәслихаты
АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Павлодардың теміржол вокзалы ғимаратында есірткі заты - «кептірілген марихуананың» аса ірі көлемімен 24 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Көліктегі Орталық Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының (ЕҚБ) бастығы Нариман Абылқасенов мәлім етті.
Н.Абылқасеновтың айтуынша, өткен шілде айының 20-сы күні алдын ала келіп түскен шұғыл ақпаратқа байланысты, КОІІД ЕҚБ мен Көліктегі Оңтүстік-шығыс ІІД-нің қызметкерлері Павлодар вокзалы ғимаратында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Шаралар барысында 1986 жылы туған азамат назарға ілігіп, қолына ұстаған екі ала сөмкесінен кептірілген марихуана табылған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 68 келі 747 грамды құрады.
Анықталғандай, аса ірі көлемдегі есірткі заты «Сарыағаш-Павлодар» бағытындағы №85-ші пойызбен Шу станциясынан жеткізілген. Ал ұсталған азамат есірткіні қабылдап алушы болған.
«Қазіргі уақытта тапсырыс беруші мен тасымалдаушыны анықтадық. Тапсырысты жіберушілерді анықтау үстіндеміз»,- дейді Н.Абылқасымов.
Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 259-шы бабы, 3-ші бөлігі «в» тармағы бойынша (аса ірі көлемдегі есірткі затын тасымалдау) қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат Қарағанды қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды. ҚК-нің аталмыш бабы күдіктінің жеке мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынын айыруды көздейді.