Павлодарлық дәрігерлер бүйрек дертіне шалдыққан баланы аман алып қалды

Ота жасау
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екі жасар балаға арнайы аппараттың көмегімен емшара жасалған. Мұндай күрделі диализ Павлодарда алғаш рет жүзеге асып отыр.

Облыстық балалар ауруханасына екі жасар бала ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлердің айтуынша, бала өздігінен кіші дәретке бара алмай қалған.

Бұған бүйректің жұмысын тоқтатуы себеп болған. Ақ халаттылар кіші дәретті катетер арқылы алмақ болғанымен, сәбидің жағдайы жақсармаған.

Денесіне ісік кіре бастапты. Мамандар арнайы аппараттың көмегіне жүгінген. Бұл әдіс ең соңғы мүмкіндік болғанын айтады.

Құрылғының көмегімен баланың қанын тазарту үшін тамыр арқылы бойға сұйықтық жіберілген. Тек осыдан кейін ғана сәбидің беті бері қарай бастапты.

«Аппараттың көмегімен емшара жасағаннан кейін 18 сағат ішінде баланың қан талдаулары қалыпқа келе бастады. Екінші күні бала өздігінен тыныс алып, біртіндеп есін жиды. Үшінші күні анасын палатаға кіргіздік. Баласы анасын танып, талпынғанда анасы қуаныштан көз жасына ерік берді. Бұның барлығы 2023 жылы сатып алынған Prismafex аппаратының арқасында жүзеге асты», -дейді өңірлік балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қуат Арғынов.

Бала екі апта бойы жансақтау бөлімінде ем алған. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарып қалғанын айтады.

Жақында үйге шығарылады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, елімізде бірінші рет бүйректі айқас транспланттау отасы жасалды 

Соңғы жаңалықтар
telegram