Павлодарлық екі тұрғыннан 60 келі марихуана табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полиция есірткіні аса ірі мөлшерде сату бойынша күдікке ілінген екі жергілікті тұрғынды ұстады. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынған.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел қызметкерлер прокуратураның үйлестіруімен аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу дерегінің жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласында есірткі заттарын сатпақшы болған екі жергілікті тұрғын ұсталған.
— Тінту іс-шаралары барысында олардан жалпы салмағы шамамен 60 келі болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты, ақшалай қаражат, ұялы телефондар, банк карталары және түрлі құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, Алматы әуежайында 32 келіден астам есірткі тәркіленді.